05 желтоқсан 2019 16:26 admin

«Жалпы білім беретін пәндер» циклдік комиссиясының апталығы

18.11-22.11.19 аралығында студенттердің оқу пәндері мен мамандыққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ғылым негізі жалпы білім беретін пәндерде» тақырыбында «Жалпы білім беретін пәндер» циклдік комиссиясының апталығы өтті. Апталық барысында жалпы білім беретін пәндер көрмесі ұйымдастырылып, ашық сабақтар, ұлттық ойындар жарысы, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер, викториналар өткізілді. Апталықтың ашылуында Инстаграм желісінде жүргізілетін «Болашаққа арнау» тақырыбында «Кім жылдам?» жарысының бастамасы жарияланды. Жарыста студенттер колледждің сайтына колледж туралы өздерінің шығарған өлеңдерін ұсынды. Қазақ халқының ұлттық ойындарын насихаттау мақсатында апталықтың бірінші күні дене шынықтыру пәндерінің оқытушылары Н.Қосымбаева, Н.Айтжанов, Б.Исмағұлов «Ұлтымыздың құнды мұрасы» атты эстафеталық жарысын ұйымдастырды. Асық ату, ләңгі тебу, қазақша күрес, теңге алу, қол күрес, арқан тартыс, гір тасын көтеру ойындарын 5 ойыншыдан құралған 3 топ (ВТИПО-19, ФК-19, ТЭМИО-17 топтары) өздерінің ептіліктерін, жылдамдықтарын, мергенділіктерін көрсетіп, күш сынасты. Математикалық логарифмнің ғылымда, техникада, күнделікті тұрмыста қолданылу ерекшеліктерін көрсету мақсатында математика пәнінің оқытушысы Гафарова Э.Ф. ВТиПО-19 тобының студенттерімен «Логарифм біздің айналамызда» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстелде студенттер қызықты математикадан алған мәліметтерімен, ойларымен бөлісті.  Апталықтың екінші күні студенттердің дүниежүзілік және Қазақстан тарихына деген қызығушылығын, танымдылығын  арттыру мақсатында тарих пәнінің оқытушысы В.П.Сумская ВТиПО-19, ЭВТ-19 топтары арасында «XX ғасырдың жартысындағы өмір» тақырыбында викторинаны «Ең ақылды» атты телеойын принципі бойынша үш раундта  өткізді. Викторинада студенттер ақтық финалға жету үшін өздерінің тарихты қаншалықты меңгергенін көрсетіп, білімдерімен жарысты. Викторина өте қызықты өтті. Ұлы орыс ақын-жазушылары М.Ю.Лермонтовтың 205 жылдығы мен А.С.Пушкиннің 220 жылдығына арналған «Вся жизнь-один чудесный миг» тақырыбында орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушылары А.Б.Нурмуханова, Р.У.Джантасованың ұйымдастыруымен 1курс студенттері арасында әдеби кеш өтті. Әдеби кеште өткен ғасырдағы поэзия әлеміне саяхат жасап, май шамның айналасында студенттер ақын-жазушылардың өлеңдерін оқыды. Әдеби кеште студенттер А.С.Пушкиннің Салтан патша туралы ертегісінен, «Бородино» өлеңінен, «Евгений Онегин» романынан  үзінділерін көрсетіп, өте әсерлі өткізді.

Апталықтың үшінші күні орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы А.Б.Нурмуханова орыс тілі пәнінен «Морфема как значимая часть слова» атты ашық сабағын интербелсенді әдістерді пайдаланып жоғары деңгейде өткізді. Апталықтың төртінші күні студенттердің зеректік қабілеттерін дамыту, білімге деген құштарлығын арттыру мақсатында жаратылыстану пәндері бойынша «Зияткер-2019» интеллектуалды  сайысы өтті. Интеллектуалды сайыста физика-математика, химия-биология пәндерінен сұрақтар, жұмбақтар, зертханалық жұмыстар орындау тапсырмалары қарастырылды. Бәйге, полиглот, жорға, дода, чемпион атты кезеңдерде 1 курс студенттері білімдерімен жарысты. Студенттерді жан-жақтылыққа, шапшаңдылыққа, шығармашылыққа, топпен жұмыс істеуге  тәрбиелеу, сөздік қорын  дамыту, сөйлеу мәдениетіне төселдіру мақсатында шетел тілінен «Heroes» тақырыбында квест ойыны 1-4 курс студенттері арасында өтті. Квест ойынына қатысқан үш топ (Кек алушылар, Гарри Поттер, Шерлок Холмс топтары) түрлі құрал-жабдықтар көмегімен жұмбақтарды шешу арқылы келесі жұмбаққа сілтеме алып, жалғастырып есіктің кілтіне жолды табуға тырысты.  Кек алушылар тобы жұмбақтарды тез шешіп, есіктің кілтін бірінші болып тапты.

Апталықтың бесінші күні сайыстардың, эстафеталық жарыстың, инстаграм желісінде өткізілген байқаудың қорытындысын жариялап, жеңімпаздар  дипломдармен,сыйлықпен марапатталды.