11 мамыр 2020 14:20 admin

Ерлік даңқы - мәңгілік

9-мамыр Ұлы Жеңіс күні тек Қазақстанда емес, бүкіл ТМД елдерінде тойланады. Соның ішінде менің де отбасым үшін қимастық сезіммен, бір жағынан мақтаныш сезіммен  қарсы алатын күн. Өйткені менің атам Жаубаев Жұмаш  соғысқа кетіп, соғыстан оралмаған. Атам соғысқа кеткен кезде әкем не бәрі 7 жаста болған. Бұл қанды майдан қаншама отбасыны әкеден, аналарды баладан, ағайынды бауырдан айырды. Жүрегі елім деп соққан барлық азаматтар Отан үшін, ел үшін күресе білді. Әкем кішкентай болсамда, соғыстың ауыртпалығы мәңгілік есімде қалды деп  айтып отыратын еді. Өзінен 3 жас үлкен ағасы екеуі сол кездерде нан алу үшін шеті жоқ кезекке тұрып, әкем бойы кішкентай арық бала болғасын адамдардың арасынан өтіп кетіп нан алу үшін неше түрлі айлалар жасағанын, жалғыз қалған аналарына көмектесіп, тез есейгенін, бұл соғыс оларға тәтті балалық шақтың дәмін татырмағанын көзі жасқа тола отырып еске алатын еді. Менің атам секілді қаншама адамдар соғысқа кетіп елге оралмады. Олардың есімі, ерлігі мәңгі біздің жүрегімізде. Қазір аспанымыз ашық, тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп жатқанымыз, сұм соғыста өз жандарын  құрбандыққа шалған ерлеріміздің, батырларымыздың арқасы деп білемін. Біз фашизмге қарсы күрескен әрбір жауынгерімізге, батырларымызға қарыздармыз. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған жандарды еске алып, олардың ерлігін ұмытпау, елімізде қалған санаулы соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп, кейінгі ұрпаққа насихаттап жыл сайын бұл мерекені ерекше атап өтуіміз керек.

Биыл елімізде жарияланған төтенше жағдайдың салдарынан, ардагерлеріміздің есімі жазылған мәңгі алауға бара алмасақта, бұл күні батырларымызды еске алу, оларға құрмет көрсету біздің парызымыз.

Ұлы Жеңіс күні бұрыннан жыл сайын тойланады, алайда Қазақстан өз алдына тәуелсіздік алып, дербес мемлекетке айналғаннан бері, Елбасымыздың қолдауымен бұл күн ерекше құрметпен атап өтеді.  Елге аман-есен оралған ардагерлерімізге барлық жағдай жасалып, ал соғыстан оралмаған батырларымыздың есімі көшелерге беріліп, мәңгі алау жанына есімдері жазылып, олар ешқашан ұмытылмайтынын, елі мен жері үшін жанын пида қылған жандарды бүкіл ел, ағайын-бауырлары еске алады. Менде жыл сайын мереке күні Жеңіс саябағына барған кезде, атамның атын Жаубаев Жұмашты ескерткіштен көргенде, бойымды мақтаныш пен қимастық билейді. Біздің борышымыз олардың қайсарлығын, ерлігін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің патриоты болуға тәрбиелеу.

 

                                                         Джаубаева Мархабат Сахиевна

                                                        ЖШС "Каспий өңірі "Болашақ" колледжінің 

                                                        арнайы пән оқытушысы