23 қаңтар 2020 13:47 admin

Білім ең маңызды аспап (Билл Гейтс)

Елдің ертеңін қалыптастырушы – білімді ұрпақ. Білімді ұрпақты дайындайтын  - өз ісінің маманы, елінің шын жанашыры, жастарға бағыт беруші - Ұстаз. Ұстаз ешқашан заман талабынан, өмір ағысынан қалмаған. Ұстаз қашанда өз білімін жетілдіріп, саналы ұрпаққа сара жолды көрсетіп келеді.

Биыл өңірімізде алғаш рет «Worldskills» стандарты бойынша  23.12.2019-25.12.2019жылдар аралығында Маңғыстау облысының кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының арасында арнайы пән оқытушыларына арналған кәсіби шеберлікті шыңдайтын «Bestskills» байқауы өтті. Жалпы Маңғыстау облысы бойынша 27 колледжден 64 маман қатысты. Даралар мен үздіктерді анықтайтын бұл шараның негізгі мақсаты, білікті маман даярлауда тәжірибелік оқытуды насихаттау, қоғам арасында жұмысшы мамандығының танымдылығын арттырып, білімі мен біліктілігі жоғары ұстаздарымызға қолдау көрсету.

Екі күнге созылған бұл шараға ЖШС «Каспий өңірі «Болашақ» колледжі оқытушылары да өз бағыттары бойынша сайысқа түсті. Айта кететін болсақ, Сатқанбай Рахия Нәдірбайқызы «Тақтатаспен жұмыс», Орынбасарқызы Жанбала «Бастауыш сыныпта сабақ беру», Жеменей Мұхаммедрасул Шапурович «Графикалық дизайн» және Сапарова Алтынгүл Сәкенқызы «Веб үлгілеу және әзірлеу» құзіреттіліктері бойынша қатысты. Колледж оқытушылары өздерінің кәсіби деңгейлерін, шеберліктерін іс жүзінде көрсете білді. Мұхтар Әуезов атамыз  «Білім бақтың жібермейтін қазығы» дегендей, оқытушыларымыз жүлделі марапаттарға ие болды.

Оқу орнымыздың арнайы пән оқытушысы, ұлағатты ұстаз, тағылымды тәлімгер Сатқанбай Рахия Нәдірбайқызы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі А.Аймағамбетовтың алғыс хатымен марапатталып, «Тақтатаспен жұмыс» құзыреттілігі бойынша өз бағын сынап көріп, «Үздік маман» номинациясын жеңіп алды. Колледжіміздің жас маманы Жеменей Мұхаммедрасул, «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша сынға түсіп, «Үздік маман» номинациясын жеңіп алды. «Веб-үлгілеу және әзірлеу» құзыреттілігі бойынша Сапарова Алтынгүл Сәкенқызы қатысқаны үшін алғыс алды.

Еліміздің болашақ бастауыш сынып оқытушыларын дайындайтын колледжіміздің арнайы пән оқытушысы Орынбасарқызы Жанбала «Бастауыш сыныпқа сабақ беру» құзіреттілігі бойынша өз қарсыластарынан ерекшеленіп, Маңғыстау облысы бойынша «Ең үздік» атанып, яғни  І орынды жеңіп алды. Маңғыстау облысының Білім басқармасының бастығы Сейдалиев Асқар Абиевичтен жеке құттықтау алып,  40000 теңге көлемінде қаржылай марапатпен марапатталды.

Маңғыстау облысы бойынша өткізілген «Bestskills» байқауы біздің колледжіміз үшін өте жемісті болды. Мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру және инновациялық қабілеттерін  анықтау мақсатында өткізілген байқау жоғарғы деңгейде өткізіліп, толық өз мақсатына жетті деуге болады.